Арна ЖҚС

Бұл Telegram арнасына қатысты ЖҚС.
Негізгі ЖҚС-ға қайту »


Арна деген не?

Арналар – үлкен аудиторияға жария хаттарды таратуға арналған құрал. Арналарда жазылушылар санына шектеу жоқ. Арнада хат жариялағанда, ол атыңызбен емес, арнаның атауымен белгіленеді. Арнаны басқаруға көмектесу үшін қосымша әкімшілерді тағайындай аласыз. Жаңа жазылушылар арнаға қосылғаннан кейін барлық хат тарихын көре алады.

Мысал ретінде ресми Telegram арнамызға қосылып, жаңартуларымыздан хабардар бола аласыз.

Арна құру үшін:
iPhone: Жаңа хат бастаңыз (Чаттарда жоғарғы оң жақтағы таңбаны басыңыз). Содан кейін «Жаңа арна».
Android: Чаттар тізімінде дөңгелек қарындаш таңбасын басыңыз. Содан кейін «Жаңа арна».
Windows Phone: Төменгі тақтадағы «+» батырмасын басыңыз. Содан кейін «Жаңа арна».

Жария мен жеке арналар қалай ерекшеленеді?

Жария арналардың қолданушы аты болады. Оларды Telegram іздеуінен кез келген адам тауып, қосыла алады. Жеке арналар жабық бірлестіктер, қосылу үшін иесі қосуы немесе шақыру сілтемесін жіберуі керек.

Ескерту: жеке арнаның шақыру сілтемесі көпшілікке қолжетімді болса, ол контентке қатысты даулар туындаған жағдайда жария арна ретінде қарастырылады.

Әкімшілер не істей алады?

Арнаның иесі хаттар тарата алады, кез келген хатты жоя алады, жазылушыларды қосады (алғашқы 200 ғана), жазылушыларды шығарады, арнаның атауын, бейін суреті мен сілтемесін өзгерте алады, сондай-ақ арнаны толықтай жоя алады. Иесі арнаны басқаруға көмектесу үшін әкімшілерді қосып немесе алып тастай алады.

Әр әкімшіге жеке әкімші құқықтарын орнатуға болады.

Хатты жойсам не болады?

Арнадағы хат жойылса, ол барлық жазылушы үшін жоғалады.

Арнама адамдарды қалай қосамын?

Арнаның иесі ретінде алғашқы 200 жазылушыны арнаға шақыра аласыз. Жазылушылар саны 200-ге жеткеннен кейін арна өздігінен дамиды. Ол жария арна болса, қолданушы аты және telegram.me/ сілтемесі болады (мысалы, t.me/telegram), бұл сілтемені әлеуметтік желілерде жариялауға, журналдарда жарнамалауға немесе арқанызға татуировка ретінде жаздыруға болады. Ол жеке арна болса, достарыңызға шақыру сілтемесін жібере аласыз.

Арна сілтемелерін (немесе басқа қажетсіз хаттарды) бейтаныс адамдарға жібермеңіз. Олар аккаунтыңыздан спам жайлы шағымданса, ниетіңіз жақсы болса да, басқа адамдармен байланысуға тыйым салынуы мүмкін.

Көз таңбасы нені білдіреді?

Арнадағы әр жазбада көрілім санағышы бар. Хаттарыңыздың көшірмелері арқылы алынған көрілімдер де жалпы санға қосылады. Осылайша хаттың қаншалықты таралғанын көре аласыз.

Ескерту: бұл сандар шамамен ғана көрсетіледі, сіз көрген барлық нәрсені жазып сақтағымыз келмейді. Шамамен 4 күннен кейін Telegram жазбаны көргеніңізді «ұмытады» және қайта кірсеңіз, тағы да саналады. Сондықтан жеке арнада жалғыз болсаңыз да, бір жазба бірнеше рет қаралған болып көрінуі мүмкін.

Хатты кім жариялағанын қалай білемін?

Арнаның иесі ретінде әкімші қолтаңбаларын қосып қоя аласыз. Қолданушылар оларды көрілім санағышының жанынан көреді. Бұл қолтаңба тек әкімшінің атын көрсетеді, бірақ оның бейініне сілтеме болмайды.

Қолтаңбалар өшірілсе, қолданушылар хатты иесі ме, әлде әкімшілердің бірі ме жариялағанын біле алмайды.

Кері байланыс мүмкіндіктері бар ма?

Арнаға талқылау чат қоса аласыз, сонда жазылушылар әр жазбада пікір қалдыру батырмасын көреді. Пікірлер жеке тізбек ретінде көрсетіледі және талқылау тобына да түседі, бұл барлық адамды хабардар етіп, әкімшілерге әңгімені тәртіпті жүргізуді жеңілдетеді.

Сондай-ақ боттарды (мысалы: @like) қолданып, жазбаларыңызға батырмалар қоса аласыз.