400 миллион қолданушы, 20,000 стикер, куиз 2.0 және білім беру тестілерін жасаушыларға 400 мың еуро

Түпнұсқаны ағылшын тілінде оқыңыз
400 миллион қолданушы, 20,000 стикер, куиз 2.0 және куиз жасаушыға 400 мың еуро

Telegram-ның ай сайынғы белсенді қолданушының саны 400 000 000-ға жетті, бұл өткен жылғы 300 миллионнан едәуір көп.

Күн сайын Telegram-ға кемінде 1,5 миллион жаңа қолданушы тіркеледі. Бумалар, сақтау қоймасы және Desktop нұсқасын және macOS нұсқасын қолдау сияқты мүмкіндіктер Telegram-ды карантин кезінде қашықтан жұмыс істеу мен оқу үшін таптырмас құралға айналдырды. Сондықтан Telegram-ның 20-дан астам елде ең көп жүктелген №1 әлеуметтік қолданба болғаны таңқаларлық емес, бүкіл әлем бойынша адамдар жедел қарқынмен Telegram-ға ауысуда.

Соңғы 7 жылдағы Telegram-ның даму көрсеткіші.

7 жыл бұрын Telegram-ды бастағанда, адамдар әрқашан шектеулер мен ортаңқол дүниелерден қарағанда еркіндік пен сапаны таңдайды деп сендік. Telegram мен оның ескі бәсекелестерінің арасындағы танымалдық алшақтығы азайған сайын, сол бастапқы болжамымыздың дұрыстығына көз жеткізіп келеміз. Саналы әрі еркін болғандарыңыз үшін рақмет!

Келесі кезекте не болмақ? Қазіргі әлемдік локдаун сенімді бейнебайланыс құралының қажеттілігін көрсетті. 2020 жылғы бейнеқоңыраулар 2013 жылғы хат алмасу кезеңіне ұқсайды. Қазіргі қолданбалар не қауіпсіз, не қолдануға ыңғайлы, бірақ екеуі бірдей емес. Біз осыны түзеткіміз келеді және 2020 жылы сіздерге қауіпсіз топтық бейнеқоңырауларды ұсынуға назар аударамыз.

Олар қашан дайын болады? Жұмыс аяқталғанда, бірінші болып естисіз, уәде береміз. Сондықтан сұрай бермеңіздер. 😈

Жақсартылған куиз

Қаңтар айында біз сауалнамаларға қолданушылардың интеллектуалдық мүмкіндіктерін сынау үшін куиз қосқан болатынбыз. Соңғы апталарда @QuizBot арқылы жасалған маңызды білім беру тестері мен куиздерінің күрт өскенін байқадық. Бүгінгі жаңарту куиздерді оқыту мүмкіндіктерімен толықтырады.

Енді куиз сұрақтарына жауап берген кезде пайда болатын түсініктемелерді қоса аласыз, бұл қолданушыларға өз қателіктерінен сабақ алуға немесе қосымша мәнмәтін алуға көмектеседі. Түсініктемелер Telegram куиздерін тек білімді тексеруге емес, сонымен қатар оны таратуға да қолайлы етеді.

Мысалы: қолданбаны жаңартып, Telegram тарихы мен мүмкіндіктері жайлы мына тестті тапсырып көріңіз.

@QuizBot арқылы куиз жасағанда, сұрақтарға таймер орнатуға болады. Таймерлер студенттік топтарда емтиханға дайындалу үшін жиі қолданылатын куиздерге бәсекелестік рухын қосады. Жаңа кері санақ анимациясы арқылы әркім қанша уақыт қалғанын көре алады.

Білім беру тестілерін жасаушыларға 400 мың еуро

Қазіргі уақытта 2 миллиард оқушы мектептен тыс қалғандықтан, әлем онлайн білім беру құралдарына өте мұқтаж. Біз барлық пән мен деңгейлер бойынша оқу тестерінің дерекқорын жасау арқылы осы мәселені шешуге үлес қосқымыз келеді. Ол үшін бүгін білім беру тестерін жасаушылар арасында 400 мың еуро үлестіретін краудсорсиң бастамасын жариялаймыз.

Қатысу үшін @QuizBot көмегімен кез келген тілде, кез келген қиындық деңгейінде және кез келген тақырыпта төл туынды білім беру тестін жасап, жариялаңыз. Ағылшын тіліндегі қарапайым орта ғасырлық Еуропа тарихынан бастап неміс тіліндегі Mikrobiologie für Experten тестіне дейін кез келген тақырыпты таңдаңыз. Сұрақтарға қажетті медиафайлдарды қосуға болады, бірақ барлық интеллектуалдық меншік құқықтың сақталуын қадағалаңыз.

Cіз жіберген куиздерді іздеу тізімінде жариялаймыз. Олардың сапасы мен танымалдылығына сүйене отырып, біз жеңімпаздарды бірнеше кезең бойынша анықтаймыз. Бірінші кезеңге өтінімдер қабылдау 15 мамырда аяқталады.

Осы және біз өткізетін басқа да байқаулар жайлы жаңалықтарды біліп отыру үшін @contest арнасына жазылыңыз. Өткен жылдың өзінде біз байқау жеңімпаздарына 2 миллион еуро үлестірдік. 💰

20 000 стикер

Telegram стикерлер алғаш пайда болғаннан бері олардың мекені болып келгенімен, бүгінге дейін барлық үздік стикерді бір жерден көрудің оңай жолы болмаған еді. Жаңа стикерлер тізімімен таныс болыңыз, бұнда сіз соңғы 5 жылда жасалған 20 мыңнан астам жоғары сапалы тегін Telegram стикерлерін қарап, іздей аласыз.

Cізде нақты бір жинақ ойыңызда болса, оны іздеу арқылы таба аласыз, ал стикерлер тарихы мұражайына саяхат жасағыңыз келсе, тізімді айналдырып, бүгінгі трендтен бастап жер бетіндегі алғашқы саналы стикер жинағына дейін көре аласыз.

Android-тағы жаңа тіркеме мәзірі

Android-та тіркеме мәзірінің барлық бөлімі енді жайылатын қабаттар түрінде қолжетімді, бұл мәзірді жинақы, стильді және қолдануға ыңғайлы етеді. Сондай-ақ, сүйкімді анимацияланған таңбаларды өткізіп алмаңыз.

macOS жақсартулары

macOS-қа арналған Telegram қолданушылары енді ортақ медиаға тікелей жаңартылған бейін беттерінен қол жеткізе алады. Бумалары көп қолданушыларға Telegram Desktop стиліндегі таңбалары бар жаңа бума тақтасы ұнауы мүмкін.

Айтпақшы, бұл скриншот жаңартылған ішкі сурет өңдегіші арқылы жасалды, ол енді суреттерді жіберу немесе өңдеу кезінде үстіне сурет салуға мүмкіндік береді:

macOS-тың жаңа функциялары.

Дөп тиді

Өткен жаңартудағы анимацияланған 🎲 эмоджисіне қолданба ретінде, енді кез келген чатта анимацияланған дартс 🎯 лақтырып, нысанаға кім бірінші тигізетінін көре аласыз.

Бұл жаңарту барлық 400 миллион қолданушыға ұнайды деп үміттенеміз.